Жазда қоғамдық тамақтану бизнесінің табысын арттыру жолдары
Жұмысты маусымға сай оңтайландыру әрі жаңарту

Маусымдық кезең қоғамдық тамақтану орындарының табыс көлеміне тікелей әсер етеді. Жазда қонақтардың әдеті өзгереді: күндіз ыстықтан қашып, салқын жерлерді таңдаса, кешке уақытын ашық алаңдарда өткізеді. Сонымен қатар демалыс маусымы мен қала сыртына шығатындардың көбеюіне байланысты келушілер саны төмендеуі мүмкін. Осындай жағдайда табысты сақтап қалу үшін мекеме кеңістігін, мәзірін және жұмыс барысын уақытында бейімдеу маңызды.
Жазғы алаңды ретке келтіріңіз
Жаз мезгілінде сыртқы алаң көбінесе табыстың негізгі көзіне айналады.
Жазғы терраса
Қонақтардың ашық ауада жайлы демалуы үшін су бүркіп сергітетін жүйе орнатуға болады. Ол ауа температурасын біршама төмендетіп, ыстық күндері отыратын жерді жайлырақ етеді. Бұған қоса еденге қоятын желдеткіштер, күннен қорғайтын шатырлар мен қолшатырларды пайдаланған жөн. Кешкі уақытта жайлы жарық қосуға болады. Егер өңірде кешкісін салқын болса, қонақтарға арнап жылы жамылғылар ұсынуға болады.
Сырттағы мини-бар
Балмұздақ, салқын сусын мен тәтті тағам сатылатын бөлек сөре ұйымдастыруға болады. Мекемеге кіріп, ұзақ отыруды жоспарламаған адамдар ондай жерден өнім сатып алуы мүмкін. Бұл қосымша табыс алуға мүмкіндік береді әрі негізгі ас үйді жүктемейді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жылдам қызмет көрсетуге көмектеседі.
Мәзірді жаңартыңыз
Жазда мәзірді қайта қарап шыққан жөн. Сауданы талдап, жыл бойы сұранысқа ие тағамды қалдырып, қалғандарын маусымдық ұсыныстармен алмастыру қажет. Мәзірге жаңа піскен көкөністерден, жидектер мен жемістерден дайындалатын тағамдарды қосыңыз. Ыстық өңірлерде кукси немесе окрошка сияқты салқын сорпа сұранысқа ие болуы мүмкін. Ал сусын мәзірінде лимонад, салқын кофе мен шай және мұз қосылған басқа да нұсқаларға басымдық берген жөн.
Танымал тағамдарды пикникке арналған дайын жиынтықтарға біріктіруге болады. Табиғат аясына шығатындарға маринадталған ет, тұздықтар мен сусындардан тұратын арнайы топтамалар ұсыныңыз. Бұл ретте қонақтарға тапсырысты өзімен бірге алып кету немесе қала сыртындағы танымал демалыс орындарына жеткізу қызметін ұйымдастыруға болады.
Жазғы сауықтардың қатарына қосылыңыз
Жылы мезгілде адамдар уақытын ашық ауада көбірек өткізеді. Жазда үлкен аудитория жинайтын фестивальдар, концерттер мен түрлі қалалық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мұндай шараларға қатысу немесе ұйымдастырушылармен серіктестік орнату қосымша қонақ тартуға әрі мекемені көпшілікке танымал етуге көмектеседі.
Сыртқы сауықтардан бөлек өз аумағыңызда да түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға болады:
- ашық ауада тағам дайындап барбекю өткізу
- жазғы террасада кино кештерін, кітап клубтарын немесе бейресми кездесулер өткізу
- жергілікті диджейлерді шақыру
- тақырыптық квесттер, үстел ойындары мен түрлі квиздер жасау
- коктейль немесе тәтті тағам дайындау бойынша шебер сабақтарын беру
- фитнес-студиялармен бірлесіп таңғы йога сабақтарын өткізу
Мұндай шаралардың үлкен қылу міндетті емес. Тіпті шағын отырыстың өзі қонақтардың мекемеде көбірек уақыт өткізуіне жағдай жасап, олардың қайта келуіне ықпал етеді.
Климатты ескеріңіз
Қазақстанның оңтүстігінде аптап ыстық ерте басталып, ұзаққа созылады. Ал басқа өңірлерге ауа райының күрт салқындауы немесе жауын-шашынды күндердің жиілеуі тән. Ауа райы қонақтардың мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Жазда күндізгі ыстыққа байланысты келушілер көбіне кешкі уақытта жинала бастайды. Сондықтан демалыс күндері жазғы алаңның жұмыс уақытын ұзартқан жөн. Ал ауа райы салқындағанда немесе қолайсыз болғанда қонақтар ашық террасаның орнына жабық зал мен ыстық сусындарды таңдайды.
Әр өңірдің климат ерекшелігін ескеріп, ауа райы өзгерісіне жылдам бейімделу маңызды.
Шығынды оңтайландырыңыз
Кез келген маусымда табыстың артуы көбіне шығынның өсуімен қатар жүреді. Жазда электр энергиясына жұмсалатын шығын көбейіп, азық-түлікті есептен шығару жиілейді. Сондықтан пайданы арттыру үшін сауданы көбейтіп қана қоймай, шығынды да бақылап отырған маңызды.
Ішкі залды салқындату
Кондиционердің қуатын барынша қосып үрлетудің қажеті жоқ. Залдағы температура сырттағы ауа температурасынан 5–7 градус төмен болса жеткілікті. Мысалы, сыртта +35 °C болса, кондиционерді +23–24 °C деңгейіне қоюға болады. Бұл құрылғының жұмысын азайтып, электр энергиясын үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар келушілер санына қараған жөн. Қонақтар аз кезде залды тым салқындатып отырудың қажеті жоқ.
Терезелерге атермалды үлдір жапсыруға болады. Ол бөлменің күн сәулесінен қызып кетуін бәсеңдетеді.
Маусым басталмас бұрын климаттық жабдыққа техникалық қызмет көрсетіңіз. Сүзгілер мен радиаторлар лас болса, құрылғылар энергияны көбірек тұтынады.
Ас үй жұмысы
Жазда азық-түлік тез бұзылады. Оның шығынын есептеп, жеткізу кестесін қайта қарастырыңыз. Азық-түлік көлемін азайтып, жиі алып тұрсаңыз, шығын да азаяды.
Тоңазытқыштардың температурасын қадағалап, жұмысын жүйелі түрде тексеріп отырыңыз. Сыртқы түрі нашарлай бастаған азық-түлікті уақытылы өңдеп, жартылай фабрикат дайындаған жөн. Мысалы, тым пісіп кеткен жидектер мен жемістерден лимонадқа арналған шәрбат қайнатуға, сорбет негізін жасауға немесе смузи үшін мұздатып қоюға болады. Бұл ретте азық-түліктің санитар талаптарына толық сай болуын қадағалау маңызды.
Қызметкерлер
Мекеме ашылатын сағаттарда барлық қызметкерді бірден жұмысқа шығарудың қажеті жоқ. Күндіз ең қажет адамдарды шақырған жетеді. Қызметкерлердің негізгі бөлігін қонақтар ағыны артатын кешкі уақытқа жақын шығарған жөн. Ал жұма және демалыс күндері сағаттап төлем алатын қызметкерлер жалдасаңыз, бұл көбінесе апта бойы үлкен штат ұстағаннан тиімдірек болады.
Чек-лист
☐ маусымдық мәзір әзірлеу
☐ кондиционер жүйесін реттеу
☐ шығын түрлерін қайта қарау
☐ ауа райы болжамын бақылау
☐ жазғы терраса дайындау
☐ өнімдерді жылдам сататын мини-бар қою
☐ кешкі іс-шаралар мен ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастыру