Интерьер мен команда: қайсысы маңыздырақ

Дмитрий Королевтің пікірі

Интерьер мен команда: қайсысы маңыздырақ

Бұл мейрамхана саласындағы екінің бірін толқытатын сұрақ. Жауабы оңай болып көрінсе де, шын мәнінде ол ең күрделі әрі ең үлкен мәселелердің бірі. Оған шын жауап беру үшін әрбір жағдай мен әрбір қатынасты бөлек қарастырып көрейік.

Алғашқы әсер мен уақыт өткізу жолдары

Алдымен интерьерге тоқталайық. Қонақ бардың ішіне кірген сәттен алғашқы әсер алады. Интерьер біреудің назарына тапсырыс беріп, сусын ұрттамас бұрын түсіп, көңіл-күйіне алдын ала ықпал етеді. Интерьер неге қажет? 

Интерьер:

  • қонақтарды тартады
  • көңіл-күйге әсер етеді
  • қоршаған ортаны жайлы қылады
  • клиенттердің қайтып келуіне ықпал етеді

Бірақ интерьер тек «әдемі» ғана болмай, бардың концепциясы мен көздеген аудиториясына сай болуға тиіс. Әрі қолданбалы, ыңғайлы, орынды, күнделікті пайдалануға лайық болуы керек.

Концепция мен аудитория

Бар ашпас бұрын оны кім үшін ашайын деп жатқаныңызды білген маңызды деп алдыңғы мақаламда жазғанмын. Қонақтардың жасы, өмір салты, құндылықтары, әдеттері — бәрі де интерьерге ықпал етеді. Ол тұйық аулада орналасқан жайлы бар бола ма, әлде шулы көшеде орналасқан үлкен түнгі бар бола ма? Бәлкім, таңдаулы адамдарға арналған жабық бар болатын шығар?

Концепцияңыз бен аудиторияңыз белгілі болса, интерьерді эстетика, ұсақ-түйек, материал, жарық, түс, иіс және ұстап сезуге болатын нәрселер арқылы әсер ететін құралға айналдыруға болады. Болмаса, ең қымбат дизайннің өзі әдемі, бірақ түкке тұрмас қорап болып қала береді.

Бас қате

Ақша, тәжірибе, күш жұмсап жасаған интерьердің командамен үйлеспей қалатын жағдайы жиі болады.

Ол көбінесе үлкен желіге кіретін жобалардың мұндай түрлерінде кездеседі:

  • командасында идеяға қызыққан негізгі қызметкерлер жоқ
  • ұжымында тек жалдамалы уақытша қызметкерлер істейді
  • адамдары концепцияны толық ұқпай, қызмет, тағам, сусын және қонақтармен әрекеттесу арқылы басқаларға жеткізе алмайды

Нәтижесінде бәрі әдемі, бірақ жансыз болып көрінеді. Сырты бүтін, іші түтін.

Тым сәнді болғаннан қарапайым болған жақсы

Мұнда бір парадокс бар. Кейде үлкен, сәнді, қымбат барға қарағанда қарапайым, интерьері қолда бар нәрселерден жиналған, бірақ командасы өте белсенді, ұйымшыл, ынталы болған бардың жағдайы жақсырақ болады.

Мен Еуропа мен ТМД елдерінің көптеген қалаларына барып, барлардың аса қымбат түрлерін де, жайлы, шағын форматтарын да көрдім. Сонда есімде төбесіне дейін безендірілген, дизайнерлік жиһаз бен эксклюзив ыдысаяғы бар орындар емес, жайлы, қарапайым, қонақтарын жылы қарсалатын барлар қалды.

Көңіл-күй

Ең қызығы: жақсы демалғаннан кейін қелесі күні ешкім не ішкенін, не жегенін, коктейльдердің атауы қандай болғанын, бағасы қанша тұрғанын есіне түсіре қоймайды. 

Есте қалатыны — әсер ғана. Көңіл-күй мен оған ықпал ететін адамдардан басқасының бәрі мәнсіз болып қалады. Ондай адамдармен әңгімелескен қызық болса, жақсы достарыңа қонаққа барғандай боласың.

Бұл әдемілеп айтқан сөз емес, жақсы орындарға тән қасиет.

Instagram және жалған құндылық сезімі

Бір жаманы (жақсысы да), кісілер әлі біраз уақыт бойы демалатын орын іздегенде мәзіріне, қызмет сапасына немесе идеясына қарап емес, интерьерінің қымбаттығына, әдемі безендірілгеніне, дизайнерлік шамдарына қарап таңдай бермек. Бұл Instagram-ға қарап отырған замандағы қалыпты жағдай. 

Әдемі, ерекше, қымбат жерлерге кісілер арнайы сусын ішуге, спешелти-кофе дәмін татуға, бас аспаздың арнайы мәзірін татуға немесе сыра ішіп, барменмен әңгімелесуге бармайды. Олар баратын жердің безендірілуіне, дизайнерлік ерекшеліктеріне қызығып, трендтен қалмайтынын көрсету үшін суретке түсіп, сториске салуға келеді.

Маңызды жайт

Мен әдемі, ыңғайлы, қолданбалы интерьердің маңызын жоққа шығарып отырған жоқпын. 

Интерьер қажет. Бірақ ол бас мақсат емес, үлкен жүйенің бір бөлігі болсын.

Интерьер — үлкен механизмнің бір бөлігі

Интерьер тұтыну жолдарына ықпал етіп, онымен тікелей байланысты болады. Бұл үлкен, күрделі механизмге мыналар кіреді:

  • кеңістікті ұйымдастыру
  • музыка
  • жарық
  • жиһаз және оны орналастыру жолы
  • қолмен ұстағанда сезілетін нәрселер
  • иіс
  • ұсақ-түйек және бас элементтер 
  • түсінікті навигация

Мұның барлығын қонаққа жайлы болсын, ертең қайтып келгісі келсін деген мақсатпен жасау керек. 

Болашақ трендтер

Қазіргі сұраныстағы дизайндарға қарасақ, тым безендірілген, сәнді, қымбат екенін көреміз. Меніңше, мұндай концепциялар тез ескіріп кетеді.

Себебі қазіргі 18–20 жасар жастардың төлеу қабілеті 4–6 жылдан кейін жоғарылап, олар мейрамхана, бар, кафелерге жиі бара бастайды. Олардың өмірге деген көзқарасы мен құндылықтары мұндай орындардың форматына да, интерьер дизайнына да ықпал етеді.

Менің ойымша, болашақта мына трендтер келеді:

  • саналы аскетизм
  • индустриялық немесе қолданбалы минимализм
  • қарапайым экологиялық материалдар қолдану
  • ақшаны ойланып, үнемдеп жұмсау

Айтып отырғаным – бетон қаптаған сұр қабырғалы лофттар емес, бардың концепциясын тура жеткізе алатын, ойластырып жасалған қымбат емес интерьерлер.

Қорытынды орнына айтар сөз

Интерьердің маңызы бар. Команданың маңызы тіпті зор. Интерьер мен команда өзара үйлескен жерде мықты нәтиже шығады. Қайсысы маңыздырақ десеңіз, адамдардың жылы жүзі мен бөлісетін көңіл-күйі дер едім.

Нашар команда кез келген концепт пен идеяны бұзады. Жақсы команда қарапайым орынға жақсы сұраныс қалыптастыра алады.

P.S. Бір жолы Иван Шушканов көңіл-күй туралы толғанып, бір тәжірибе ұсынды. Өзіңіз ұнататын демалыс орнынан шыққаннан сәтте көзіңізді жұмып, мынаны ойлап көріңіз: интерьер әдемі болмаса, ол жерде не қалады? Музыка ма, адамдардың дауыстары ма, ыдыс-аяқ дыбысы ма, иіс пе, үстел мен орындықты ұстағанда сезетін әсер ме? Ал дыбыстарды өшірсек ше? Иіс пен қолмен ұстап сезетін әсер қалады. Ал иісті өшірсек не болады? Үстел басына отырғызып, виски құйып беретін адамдар қалады. Бірақ сусынның иісі мен дәмін сезбесеңіз, қайтесіз? Онда көңіл-күй де қажетсіз болып қалар.