Маржа есебін жасау
Өнімнің пайда әкелу қабілетін анықтау жолы

Маржа есебі компаниядағы әр тауардың табысқа қосатын үлесін көрсетеді. Есеп арқылы өнімдердің тиімділігін салыстырып, бизнестің қай бағыты тиімді, ал қайсысы шығынды екенін анықтауға болады. Маржаны талдап, жеңілдіктер мен науқандардың әсерін бағалауға, шығын мен табыс арасындағы байланысты түсінуге және баға мен ассортиментке қатысты шешімдерді ішкі сезімге емес, нақты деректерге сүйеніп қабылдауға болады.
Жалпы маржа
Жалпы маржа — тауардың немесе қызметтің өзіндік құны өтелгеннен кейін компанияда қалатын табыс бөлігі.
Есептеу формуласы:
Жалпы маржа = (Пайда – Өзіндік құн) ÷ Пайда × 100%
Өзіндік құн — компанияның тауар өндіруге немесе қызмет көрсетуге жұмсаған жалпы шығыны.
Маржаны есептегенде түскен пайданың екі түрі қолданылады:
- номиналдық (жоспарлы) пайда — прайстағы баға, яғни жеңілдік пен науқансыз жоспарланған пайда
- нақты пайда — саудадан жеңілдік, қайтарылған тауар және комиссия сомалары шегерілгеннен кейін қалатын нақты сома
Тиісті пайда түрін мақсатқа қарай таңдауға болады.
Егер өнімнің потенциал тиімділігін, яғни одан қанша табыс түсе алатынын бағалау қажет болса, номиналдық пайда қолданылады.
Ал егер қолданыстағы жеңілдіктер мен науқандардың әсерін бағалау мақсат болса, онда нақты пайда қолданылады. Номиналдық және нақты пайданың айырмасы тым үлкен болса, қолданылған жеңілдік өнімнің табыс әкелу қабілетін төмендететінін білдіреді. Мұндай жағдайда жеңілдік шарттарын қайта қараған немесе жеңілдікті толық алып тастаған жөн.
Толық талдау үшін компаниялар әдетте екі көрсеткішті де есептеп, салыстырады.
Мысалы, спорт тауарлары дүкені термостарын 5 000 теңгеден сатады делік. Бір термостың өзіндік құны 3 000 теңге. Бір айда 200 дана сатылды.
Алдымен номиналдық пайданы есептейік:
Пайда: 5 000 ₸ × 200 = 1 000 000 ₸
Өзіндік құн: 3 000 ₸ × 200 = 600 000 ₸
Жалпы маржа = (1 000 000 ₸ – 600 000 ₸) ÷ 1 000 000 ₸ × 100% = 40%
Енді бұған жеңілдікті қосайық.
200 термостың жиырмасы 15% жеңілдікпен сатылды делік. Онда нақты пайда:
(180 × 5 000 ₸) + (20 × 5 000 ₸ × 0,85) = 900 000 ₸ + 85 000 ₸ = 985 000 ₸
Өзіндік құн өзгеріссіз — 600 000 ₸.
Жалпы маржа = (985 000 ₸ – 600 000 ₸) ÷ 985 000 ₸ × 100% = 39%
Түрлі саладағы жалпы маржа деңгейінің орташа көрсеткіші мынадай:
- бөлшек сауда — 20–40%
- қоғамдық тамақтану (кафе, мейрамхана) — 50–70%
- қызмет көрсету саласы — 60–80%
- өндіріс — 15–30%
- IT және цифрлық өнімдер — 70–90%
Жалпы маржаны талдау арқылы бизнестің сату стратегиясын, баға саясатын және ассортиментін нақты деректерге сүйене отырып түзетуге болады. Бұл компанияға қай өнім көбірек пайда әкелетінін және қай бағытта дамыған тиімді екенін көруге мүмкіндік береді.
Операциялық маржа
Операциялық маржа — компания табысынан жалға алу ақысы, жалақы, логистика, маркетинг, амортизация сияқты тұрақты шығын шегерілгеннен кейін қалатын үлес.
Есептеу формуласы:
Операциялық маржа = (Пайда – Өзіндік құн – Операциялық шығын) ÷ Пайда × 100%
Спорт тауарлары дүкенінің деректерін пайдаланып есептейік.
Өнімге байланысты операциялық шығын = 200 000 ₸
Пайда = 985 000 ₸
Өзіндік құн = 600 000 ₸
Операциялық маржа = (985 000 ₸ – 600 000 ₸ – 200 000 ₸) ÷ 985 000 ₸ × 100% = 19%
Көрсеткіштің жоғары не төмен болуы компанияның қызмет саласы мен бизнес моделіне байланысты. Мысалы, бөлшек саудада операциялық маржа әдетте 3–8% шамасында болады.
Операциялық маржаны талдай отырып, бизнестің операциялық шығындарын оңтайландыруға болады. Кейде тиімділікті арттыру үшін жалға алу ақысын, логистика шығынын немесе жалақы қорын қайта қарау қажет болуы мүмкін.
Таза маржа
Таза маржа компанияның барлық шығынын, яғни операциялық шығын, салық төлемі, несие пайызы және басқа да міндетті төлемдерді шегергеннен кейін қалатын табыс үлесін көрсетеді. Бұл көрсеткіш бизнестің жалпы тиімділігін сипаттайды. Оның көмегімен компания бюджетін нақтырақ жоспарлап, баға, салық немесе шығын мөлшері өзгерген кезде таза табыстың қалай өзгеретінін алдын ала болжауға болады.
Есептеу формуласы:
Таза маржа = (Пайда – Өзіндік құн – Операциялық шығын – Басқа шығын) ÷ Пайда × 100%
Алдыңғы мысалдағы термосты қайта алайық.
Пайда = 985 000 ₸
Өзіндік құн = 600 000 ₸
Операциялық шығын = 200 000 ₸
Өнімге байланысты басқа шығын = 50 000 ₸
Таза пайда = 985 000 ₸ – 600 000 ₸ – 200 000 ₸ – 50 000 ₸ = 65 000 ₸
Таза маржа = (65 000 ₸ ÷ 985 000 ₸) × 100% = 14%
Яғни әр сатылған термос компанияға орта есеппен 560 теңге таза табыс әкеледі.
Нәтижені былай талдауға болады:
- 10–20% — бөлшек сауда және қызмет көрсету саласындағы қалыпты, тұрақты деңгей
- 10%-дан төмен — бизнестің табыс табу қабілеті төмен, яғни шығынды оңтайландыру қажет
- 20%-дан жоғары — тамаша нәтиже: бизнес тұрақты істеп тұр және кеңеюге дайын
Маржа есебін қалай пайдалануға болады
Компания әр тауар немесе қызмет түрінің маржа көрсеткішін есептеп, жалпы есеп дайындауы керек. Есеп нәтижесіне сүйеніп, мынадай талдау жасауға болады:
- Ассортиментті оңтайландыру. Тиімсіз немесе шығын әкелетін позицияларды анықтаңыз — оларды ассортименттен алып тастауға, бағасын көтеруге немесе сатып алу шарттарын қайта қарауға болады.
- Баға саясатын жетілдіру. Маржаны талдау арқылы ең төмен тиімді бағаны анықтауға болады. Сол деңгейден төмен тұрған баға бизнесті шығындатады. Бұл әсіресе жеңілдіктер мен науқандарды жоспарлаған кезде маңызды.
- Сату арналарын талдау. Офлайн дүкен, онлайн сауда көзі мен маркетплейстердегі маржаны салыстырыңыз. Осылайша қай арна табыс әкеліп, қайсысы босқа ақша айналдырып жатқанын көре аласыз.
- Шығынды ретке келтіру. Шығынды екі топқа бөліңіз: тұрақты (жалға алу ақысы, жалақы) және ауыспалы (тауарды қаптау және жеткізу). Бұл тәсіл арқылы маржа табысын есептеп, әр сатылған зат тұрақты шығынның қай бөлігін өтейтінін анықтауға болады.
- Маркетингтегі басым бағыттарды анықтау. Бәрінен бұрын сұранысы көп және маржасы жоғары тауарларды жарнамалаған тиімді болады.
Маржа есебі кәсіпкерге әр өнімнің қаншалықты табыс әкелетінін көруге көмектеседі. Ондай мәлімет баға қоюға, ассортиментті реттеуге және маркетинг науқандарын тиімді жоспарлауға негіз болады. Маржа көрсеткіштерін жүйелі талдау бизнестің дамуы мен табыстың өсуіне ықпал етеді. Үлгі ретінде дүкенге арналған кесте дайындадық — ол әр маржа түрін автоматты түрде есептеп, шыққан нәтижені орташа көрсеткіштерімен салыстырып көрсетеді.