Өндіріс орнын таңдау және дайындау
60 күнде зауыт ашу: 2-бөлім

Толыққанды өндіріс ашу туралы шешім қабылдағанда, ең алдымен дұрыс орынды іздеуге кірістік. Біз ондаған нысанды қарап шықтық: бұрынғы HoReCa нысандары, қоймалар, ескі цехтар. Бас мақсатымыз тамақ өндірісіне бейімделген ғимарат табу еді. Мұндай орын уақыт пен ондаған миллион ақша үнемдейді.
Біз бұрын май өндіретін зауыт орналасқан ғимаратты таптық — кезінде Қазақстандағы ірі өндірістердің бірі болған. Жалпы аумағы 1 000 шаршы метр. Бұл нені білдіреді?
- өндірістік ағындар алдын ала дұрыс жоспарланған
- қабырғалар төбеге дейін тақтайшамен қапталған
- желдету шахталары бар
- тағам өндірісіне тән аймақтарға бөлу талаптары сақталған.
Тағы бір артықшылық — жалпы аумағы шамамен 200 шаршы метр болатын төрт тоңазытқыш және мұздатқыш камера.
Келесі қадам — камераларды мұздатқыш агрегаттармен жабдықтау. Бір агрегаттың құны шамамен 4–5 млн теңге. Иә, бұл қомақты шығын. Бірақ камералардың корпусы, есіктері мен құрылымы дайын болғандықтан, біз едәуір үнемдедік. Енді ішкі бөлігін тағам өндірісіне арналған бояумен өңдеп, сөрелерді орнатып, сақтау жүйесін толық жинақтау ғана қалды.
Өндіріс орнына қойылатын талаптар
Өндіріс ғимарат тауып, жабдық орнатумен шектелмейді. Ол біртұтас жүйені құрайды.
Газ
Ғимарат бұрын көмір қазандықпен жұмыс істеген. Біз саналы түрде газға көшу туралы шешім қабылдадық. Бұл — экологиялық тұрғыдан таза, тұрақты әрі заманауи шешім. Бірақ бұл шешім оңай болған жоқ: келісу барысы, техникалық шарттар, жобалау. Бұл туралы бөлек тоқталамыз.
Жылу жүйесі тұрақты әрі басқаруға ыңғайлы болуға тиіс.
Электр қуаты
Келісімшартқа қол қоймас бұрын, барлық жабдық бойынша толық тізім жасап, ең жоғары жүктемені есептедік. Біздің шекті көрсеткіш — 250–300 кВт.
Ғимаратта 250 кВт дайын тұрды, әрі тағы 100 кВт қосу мүмкіндігі бар. Бұл орын таңдаудағы шешуші факторлардың бірі болды. Қуат дұрыс есептелмесе, өндіріс алғашқы күні-ақ тоқтап қалуы мүмкін.
Су
Су — біздің өндірістегі басты ресурс. Бізге таза су қажет, ал сүзгіден кейінгі көрсеткіш 10–20 ppm деңгейінде болуға тиіс, технология дәл соны талап етеді.
Өндіріс жанында таза жерасты суы бар ұңғыма орналасқан. Біздің өнім үшін бұл — ең оңтайлы шешім.
Желдету
Нысан өнеркәсіптік аймақта орналасқан, жақын маңда тұрғын үйлер жоқ. Желдету шахталарының бір бөлігі бұрыннан бар.
Енді жүйені толық тексеріп, пайдалануға болатын тұстарын анықтап, қажет жерін желдеткіштермен, сорғылармен және салқындату жүйесімен жабдықтау керек. Өндіріс еркін «тыныс алатындай» болуға тиіс.
Ағын сулар мен кәріз жүйесі
Бұл — кез келген тағам өндірісі үшін негізгі талап. Алайда біз таңдаған нысанда орталық кәріз жоқ, тек тұрақты тазартылып отыратын септик бар.
Бұл мінсіз шешім емес, бірақ нысанның өзге артықшылықтары басым. Біз осы жағдайды ескеріп, оны жұмыс барысына бейімдедік.
Жөндеу және дайындық
Ғимарат үш жыл бойы бос тұрды. Мақсатымыз — оны заманауи, таза әрі жүйелі өндіріс орнына айналдыру.
Жоспарымыз:
- Жылу жүйесін толық жаңартамыз.
- Су құбырларын ауыстырамыз.
- Кәріз жүйесі мен сантехниканы жаңартамыз.
- Толыққанды желдету жүйесін орнатамыз.
- Тоңазытқыш және мұздатқыш камераларды толық жабдықтаймыз.
- Өндірістік емес бөлмелерде жөндеу жасаймыз.
- Қабырғалардағы тақтайшалардың бөлігін ауыстырамыз.
- Барлығын бренд түстеріне сәйкес тағам өндірісіне арналған бояумен сырлаймыз.
- Жиһаз дайындап, орнатамыз.
- Бақылау және бейнебақылау жүйелерін іске қосамыз.
- IT-инфрақұрылымды орнатамыз.
- Технологиялық жабдыққа тапсырыс береміз.
- Өндірістік желілерді орнатып, толық жинақтаймыз.
- Цехты толық тазалап, іске қосамыз.
60 күнде зауыт ашу жүйе, нақты есеп және темірдей тәртіпті талап етеді. Бәрін уақтылы аяқтаймыз деп сенеміз. Құрылыс барысын Instagram желісінде тамашалауға шақырамын.