Сұранысты шығынсыз анықтау
Тауарыңызға не қызметіңізге қызығушылықтың бар-жоғын білу

Мақаланың мазмұны
Бизнес бастамас бұрын өніміңізге сұраныс бар-жоғын біліп алған жөн. Идеяны алдын ала тексермей, тауардың үлкен партиясын сатып алу, орынжайды жалға алу немесе өндірісті іске қосу қауіпті. Алдымен нарықты зерттеп, әлеуетті сатып алушылармен сөйлесіп, бизнес идеяңызды сынап көруге болады.
Мұндай тексеру болашақта сауда жүретініне кепілдік бермейді, бірақ көп қаражат жұмсамай тұрып, әлсіз тұстарды анықтауға көмектеседі. Алдымен интернеттегі ашық дерек пен тегін құралдарды пайдалануға болады.
Нарық пен бәсекелестерді зерттеңіз
Егер үйде пісірілген нан-тоқаш өнімдерін сатуды жоспарласаңыз, жергілікті наубайханалар мен кондитерлердің ұсыныстарын зерттеңіз.
Егер бизнеске қызмет көрсетуді жоспарласаңыз, осы салада жұмыс істеп жүрген компанияларды және олардың клиенттерге қандай қызмет ұсынатынын зерттеңіз. Бағаларын, тауар ассортиментін, тапсырыс беру шарттарын және пікірлерді салыстырыңыз.
Клиенттердің көңілі толмайтын тұстарға назар аударыңыз. Мысалы, тапсырыстың кеш жеткізілуі, қажет өлшемнің болмауы немесе сатып алар алдында кеңес алу мүмкіндігінің жоқтығы. Бұл өз ұсынысыңызды қалай жақсартуға болатынын түсінуге көмектеседі.
Алғашқы талдау үшін ашық дереккөздерді қараңыз:
- Ұлттық статистика бюросы — экономиканың жекелеген салалары мен өңірлеріне қатысты деректерді осы жерден табуға болады. Олар нарықтың жалпы ауқымын бағалауға көмектеседі, бірақ өніміңізді нақты қанша адам сатып алатынын тікелей көрсетпейді.
- Google Trends әртүрлі өңір мен уақыт аралығында іздеу сұрауларының қалай өзгеретінін көрсетеді. Мысалы, Қазақстанда «үй тағамдарын жеткізу» және «дайын тағам жеткізу» деген іздеу сұрауларының танымалдылығын салыстыруға болады.
Google Trends-тің бір ерекшелігі бар: онда 0-ден 100-ге дейінгі шкала қолданылады. Ол іздеу сұрауларына деген салыстырмалы қызығушылықты көрсетеді, бірақ сол сұрауларды нақты қанша адам енгізгенін көрсетпейді. График сұраныстың өзгеру үрдісін салыстыруға көмектеседі, алайда нарықтың қаншалықты ауқымды екенін көрсете алмайды.
Нарықта бәсекелестердің жоқтығы бұл бағытта кәсіп бастауға жақсы мүмкіндік бар дегенді білдіре бермейді. Бәлкім, сұраныс аз немесе сатып алушылар әзірге мұндай ұсыныстың құндылығын түсінбеген шығар. Сондықтан нарықты талдаумен қатар әлеуетті клиенттермен де сөйлескен жөн.
Әлеуетті сатып алушылармен сөйлесіңіз
Идеяңыз болашағы зор болып көрінсе де, оның басқа адамдарға қажет екенін анықтап алған маңызды. Алдымен әлеуетті клиенттермен бірнеше сұхбат өткізуге болады.
Адамдардан идеяңыз ұнай ма деп сұрамай, тәжірибесі туралы көбірек білуге тырысығыз. Мысалы, үй тағамдарын жеткізу қызметін ашқыңыз келсе, адамдардан жұмыс күндері қалай тамақтанатынын сұраңыз. Тамақ дайындауға қанша уақыт жұмсайтынын және қазір қандай жеткізу қызметтерін пайдаланатынын біліңіз.
Мұндай сұрақтар адамның жаңа идеяға жай ғана оң көзқарасын емес, нақты қажетін анықтауға көмектеседі. Достарыңыз бен туыстарыңыздың пікірімен ғана шектелмеңіз. Олар сізді қолдағысы келгендіктен, идеяңызды құптауы мүмкін. Ал олардың қажеті болашақ клиенттердің қажетінен өзгеше болуы мүмкін.
Көбірек жауап жинау қажет болса, Google Forms арқылы сауалнама жүргізуге болады. Қысқа сауалнама дайындап, оны мақсатты аудиторияңызға жататын адамдар арасында таратыңыз. Сұрақтар адамдардың әдеттері, қажеті және таңдауына әсер ететін нәрселер туралы болсын.
Мұндай сауалнаманың нәтижесіне қарап, болашақта қанша тауар сатылатынын нақты болжауға болмайды. Себебі сауалнамаға кімдердің қатысқаны және сұрақтардың қалай қойылғаны нәтижеге әсер етеді. Алынған жауаптарды келесі тәжірибені жоспарлауға арналған бағдар ретінде пайдаланыңыз.
Нақты ұсыныс жасаңыз
Әлеуетті сатып алушыларға көрсетіп, пікірін білу үшін өнімнің сипаттамасын дайындаңыз. Өнімді қалай ұсынатыныңызды, кімге арналғанын, бағасын және тапсырысты қалай рәсімдеуге болатынын көрсетіңіз. Мысалы, үйде жасалған тәттілерді сату үшін бағасы көрсетілген жиынтықтардың фотосуреттерін дайындап, оларды әлеуметтік желілерге салыңыз.
Өніміңіз әлі дайын болмаса, мұны ашық айтыңыз. Ал өнім қолжетімді болғанда хабар алғысы келетіндерге байланыс деректерін қалдыруды ұсыныңыз.
Лайк пен пікірлерге ғана емес, баға мен сатып алу шарттары туралы сұрақтарға және тапсырыс беруге қанша адам дайын екеніне де назар аударыңыз. Алайда өтінім қалдыру сатып алушының міндетті түрде тауарды сатып алатынын білдірмейді. Нақты сұраныс клиенттердің өнім үшін ақша төлеуге дайын болуынан көрінеді.
Қызығушылықты сатып алуға дайындықпен шатастырмаңыз
Идея туралы жақсы пікірлер оның табысты бизнеске айналатынын білдірмейді. Адамға идея ұнауы мүмкін, бірақ бағасына, жеткізу шарттарына немесе дәл қазір қажет болмауына байланысты сатып алудан бас тартуы мүмкін.
Сұраныстың бар екенін көрсететін нәтижелерді алдын ала анықтаңыз: қанша әлеуетті клиент хабарласуы керек, қанша тапсырыс түсуі керек және сұранысты тексеруге қанша ақша жұмсауға дайынсыз. Өтінім санына қатысты бәріне бірдей ортақ өлшем жоқ. Қымбат қызмет үшін бірнеше клиенттің қызығушылық танытуы маңызды нәтиже болуы мүмкін, ал жаппай сатылатын тауар үшін бұдан көп сұраныс қажет.
Ұсыныстың тиімділігін де есептеңіз: өнімнің өзіндік құнын, жеткізу ақысын, комиссияны және басқа да шығынды ескеріңіз. Клиенттердің ақы төлеуге дайын болуы табыс табатыныңызға кепілдік бермейді. Өйткені тапсырыстарды орындау тым қымбатқа түсуі мүмкін.
Алдымен аз мөлшерде сатып көріңіз
Алғашқы нәтижелер жақсы болса, клиенттердің өнімге ақша төлеуге дайын екенін және тапсырыстарды орындай алатыныңызды тексеріңіз. Бірден көп көлемде тауар сатып алудың немесе өндірісті кеңейтудің қажеті жоқ. Мысалы, кондитер демалыс күндеріне шектеулі мөлшерде тапсырыс қабылдай алады.
Мұндай ұсыныс клиенттердің сұранысын бағалап, қанша уақыт пен шығын кететінін түсінуге көмектеседі. Тапсырыстарды орындауға қомақты қаржы жұмсау қажет болса, алдымен оның қандай қауіп-қатері барын ескеріңіз. Өзіңіз ұсына алмайтын өнім үшін ақы алмаңыз. Алдын ала тапсырыс беру шарттарын нақты түсіндіріңіз.
Алғашқы ұсыныстардан кейін нәтижелерді алдын ала жиналған ақпаратпен салыстырыңыз. Қанша адам хабарласты, қаншасы сатып алды және тапсырыстарды орындауға қанша ақша қажет болды — осының бәрін есептеңіз. Осылайша, тауар не қызмет түрлерін көбейту керек пе, әлде қазіргі ұсынысты жетілдірген дұрыс па, соны анықтай аласыз.
Сұраныс расталмаған жағдайда әрекет ету жолдары
Тапсырыстардың болмауы идеяның болашағы жоқ дегенді білдірмейді. Бәлкім, тауарыңызды басқа адамдарға ұсынып жүрген шығарсыз немесе оны жарнамалаудың тиімді жолын таппаған боларсыз. Не болмаса, өніміңіздің қандай пайдасы барын дұрыс түсіндіре алмаған шығарсыз. Бұған бағаның тым жоғары болуы немесе тауарыңыздың сатып алушыға қажет болмауы да себеп болуы мүмкін. Бір уақытта бір нәрсені ғана өзгертіп көріңіз: тауардың сипаттамасын түсініктірек жазыңыз, басқа аудиторияға ұсыныңыз немесе тауардың басқа түрін ұсыныңыз.
Сұранысты алдын ала тексеру кәсібіңіздің табысты болатынына кепілдік бермесе де, қомақты қаржы жұмсамай тұрып, идеяңыздың қаншалықты тиімді болуы мүмкін екенін бағалауға көмектеседі. Тексеруге қанша ақша жұмсайтыныңызды және оған қанша уақыт бөлетініңізді алдын ала анықтаңыз. Нәтижесіне қарай идеяңызды әрі қарай дамытуды, жетілдіруді немесе басқа кәсіп түрін байқап көруді таңдаңыз.