Зауыт заңдастыру барысында құжаттарды реттеу
60 күнде зауыт ашу: 3-бөлім

Амансыздар ма, кәсіпкер-әріптестер.
Қазір менің командам бір өте қызық кезеңнен өтіп жатыр: біз сусын жасайтын өндіріс ашайын деп жатырмыз. Жаңадан құрып жатқан зауытымызда лимонад пен шай жасайтын негіз, жидек шәрбәті мен морс жасамақпыз.
Зауытқа жабдық сатып алу мен рецептура жазу — шаруаның бір-ақ бөлігі екені өндіріс ашқан әрбір адамға мәлім. Екінші бөлігін құжаттар, рұқсаттар және бүкіл заңгерлік жұмыс алады. Онсыз зауытыңыз қымбат жабдықталған кеңістік болып қана қалады.
Сіздермен шынайы тәжірибемді бөлісейін. Қазір біз компанияны тіркегеннен бастап, газ, өрт қауіпсіздігі, СЭС және өнімді сертификаттауға дейінгі бүкіл жұмысты өзіміз реттеп келеміз.
Жұмыстың бір бөлігі дайын, екінші бөлігін әлі ретке келтіріп жатырмыз.
Өндіріс ашуға қажет құжаттар мен рұқсаттар
Заңды тұлғаны тіркеу (ЖШС)
Алдымен өндірісті бөлек компанияға тіркеу керек.
Біз ол кезеңнен өтіп кеттік. ЖШС тіркеу рәсімі бірнеше күнде аяқталды. Негізгі құжаттарды дайындап, бәрін eGov-та ЭЦҚ арқылы бердік те, дайын компания тіркеп алдық.
Қазір тіркеу рәсімі толық цифрланған әрі барынша жеңіл.
Газ және техникалық жағдай
Шәрбәт, морс пен шай жасайтын негіз өндіргенде пісіруге де, пастерлеуге де, технологиялық процестерге де көп жылу энергиясы қажет. Біз газбен жұмыс істейтін болдық.
Қазір біз:
- техникалық жағдай жасап алдық
- 700 метр магистраль газ құбырын салдық
- газбен жабдықтау жобаларын құрып, мақұлдау алдық
Қазір біз бәрін соңғы рет тексеріп, мақұлдап жатырмыз. Содан кейін газ қосуға рұқсат аламыз.
Өрт қауіпсіздігі
Мұны бізге мамандандырылған мердігер ұйым жасайды.
Мердігерлер мынаны істеп береді:
- өрт қауіпсіздігі жобасы
- дабыл қағу жүйесі
- хабарлау жүйесі
Өрт қауіпсіздігі мәселесінде нақты есеп пен нормаларға сәйкестік қажет болғандықтан, біз әдейі кәсіби команда жалдадық.
Санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестік (СЭС)
Мұнымен өзіміз айналысамыз.
Қазір бәрін реттеп, құжаттарды дайындап жатырмыз. Оған мынау кіреді:
- өндірістің санитарлық тәртіптемесі
- жабдық жуу және зарарсыздандыру тәртібі
- су, шикізат, бөлмеге қатысты талаптар
- бүкіл санитарлық құжаттарды дайындау
Бұл тағам өндірісіндегі негізгі кезеңдердің бірі.
ЕАЭО өнімдерін сертификаттау
Біз басынан бірнеше нарықта жұмыс істеу мүмкіндігі бар өндіріс құрып жатырмыз, сондықтан бізге ЕАЭО сәйкестік декларациялары қажет.
Мұнымен де өзіміз айналысып жүрміз. Қазір құжаттар мен зертхана процедураларын дайындап жатырмыз.
Халал сертификаты
Біздің аймақта бұл сертификат тұтынушылардың сенімін арттыру үшін маңызды.
Біз «Халал» сертификатын алуға қажет өндіріс пен құжаттарды өзіміз дайындаймыз. Мұны өндіріс инфрақұрылымын дайындау жұмысымен қатар істеп жүрміз.
Өзіңіз айналысқан дұрыс па, әлде маман жалдаған дұрыс па?
Өндіріс ашу барысында бір нәрсеге тағы көзім жетті. Мына шаруаны кәсіпкерлер өздері-ақ істей алады:
- компания тіркеу
- негізгі құжат жиынтығын дайындау
- өнімді сертификаттау
Мамандарсыз істей алмайтын нәрселер де бар:
- газ және инженерлік инфрақұрылым
- өрт қауіпсіздігі жүйесі
- күрделі техникалық жұмыс
Сондықтан жұмысты дұрыс бөліп істеген абзал.
Өндіріс ашу — үлкен шаруа. Бірақ бәрін асықпай, біртіндеп істесеңіз, жұмыстың әр кезеңі анық болып, оңай басқарылады.
Біз де ілгері жылжып, жақын арада өндіріс желісін іске қоспақпыз. Алдағы уақытта технологиялық желіні жобалап, сусын пісіру және өндіру барысын қалай ұйымдастырғанымыз туралы міндетті түрде айтып беремін.