Клиент базасын заңды жолмен қалыптастырып, тиімді пайдалану
Дерек жинау, рұқсат алу, аудиторияны жіктеу, клиентті қайта тарту

Мақаланың мазмұны
Кәсіпкерлердің көбі жылдар бойы Instagram, таргет, блогерлер мен маркетплейстерге ақша сала отырып, тұрақты клиент базасын жинай алмайды. Нәтижесінде бизнес әр жолы бір аудиторияға қайта-қайта жарнама көрсетіп шығындалады. Instagram алгоритмдері өзгерсе, жарнама бағасы өссе немесе парақша бұғатталса, компания аудиториямен тікелей байланыссыз қалады.
Клиент базасы — Excel-дегі нөмірлер тізімі ғана емес, қоймадағы тауар, жабдық немесе дүкен сияқты бизнестің нақты активі. Мұндай базада бұрын тауар алған, сұрақ қойған немесе өтінім қалдырған клиенттердің мәліметі жиналады. Ондай клиенттермен жұмыс істеу жаңа клиент іздей бергеннен әлдеқайда тиімді.
Базаны заңды жолмен жинау
Дайын клиент базасын сырттан сатып алмаңыз. Клиенттің келісімісіз жеке дерегін жинап, хабарлама таратпаңыз. Алғашында бұл сауданы тездетудің оңай жолы болып көрінгенімен, нәтижесінде шағым тудырып, беделге зиян тигізеді.
Клиент өз еркімен нөмірін қалдырып, хабарлама алуға рұқсат етуі қажет. Ол үшін мына тәсілдерді қолданыңыз:
- сайттағы немесе WhatsApp-тағы байланыс тәсілі
- сатып алғаннан кейін ұсынылатын сауалнама
- жаңалықтар таратылымына жазылу
- іс-шараға тіркелу
- Instagram арқылы хабарласу
- дүкендегі QR коды арқылы тіркелу
- бейілдік бағдарламасы
Клиенттен нөмір сұрағанда не үшін сұрайтыныңызды түсіндіру маңызды. Мысалы: «Жеке ұсыныстар, жаңа тауарлар мен бірегей науқандар туралы хабар алып тұру үшін байланыс дерегіңізді қалдырыңыз». Егер клиентке пайдалы ақпарат ұсынамын десеңіз, кейін спам жібермеңіз.
Базаны толтыру талаптары
Жұмысқа ең қажет мәлімет:
- клиенттің аты-жөні мен байланыс нөмірі
- мекенжайы (қаласы жеткілікті)
- алғашқы сатып алған кезі туралы мәлімет: күні, өнім түрі, бағасы
- сізді қайдан тауып келгені
- клиенттің мәртебесі
- хабарлама алуға келісімі
Бизнес өскен сайын базаны толықтырып, клиенттің қызығушылығын, сауда жасау жиілігін, туған күнін, өзіне ыңғайлы байланыс арнасы мен бұрынғы өтініштерін тіркеңіз. Клиентті неғұрлым жақын танысаңыз, ұсынысыңыз да соғұрлым пайдалы болып шығады.
Қалыптасқан базамен жұмыс істеу
Ең басты қате — базаны жинап алып, әрі қарай іске жаратпау. Кәсіпкер «қазір бес мың клиентіміз бар» деп қуанып жүргенде базадағы мәлімет кәдеге жарамай бос жата береді. Клиенттермен тікелей сөйлесіп, жұмыс істемесеңіз, база өздігінен нәтиже бермейді. Сондықтан клиентпен тұрақты байланыс орнатыңыз:
- жаңа клиентке брендті таныстыратын ақпарат жіберіңіз
- алғашқы тапсырысына алғысыңызды білдіріп, пікірін сұраңыз
- біраз уақыттан кейін қайта тапсырыс беруге болатытын еске салыңыз
- қатынаспай қойған клиентке қайта оралуға себеп жасаңыз
- тұрақты клиентке жаңа өнімдерді бірінші болып алу мүмкіндігін немесе жеке жеңілдік ұсыныңыз
Ол үшін WhatsApp, email, SMS, Telegram арнасын пайдаланыңыз, ал телефон арқылы тек шын қажет кезде қоңырау шалыңыз.
Клиенттерді санатқа бөліңіз
Клиенттің бәріне бірдей хабарлама жібере бермеңіз. Жаңа клиентте сенім тудырыңыз. Тұрақты клиентке ерекше көңіл бөліңіз. Бұрыннан көрінбей кеткендерге қайта оралуға себеп табыңыз. Ал тауарға қызығып, бірақ әлі ештеңе сатып алмаған адамның күмәнін жойыңыз.
Балалар тауарын сатып алған адамға ересектерге арналған тауар ұсынбаңыз. Басқа қаладағы клиентке Алматыда өтетін науқан туралы ақпарат жібермеңіз. Қымбат санаттағы өнім тандаған жанға жеңілдік туралы жаза бермеңіз. Клиентті санатқа бөлсеңіз, қаражат үнемдейсіз әрі клиентке құрмет көрсетесіз.
Кейс: сыйлық дүкенінің клиент базасы
Бір шағын дүкенге Instagram арқылы тапсырыс көп келе берді. Бірақ ол дүкен клиенттер тізімін жасамай, мереке сайын клиент тарту үшін жарнамаға шығындала берді. Кейін сатып алушының нөмірін, тапсырыс жасаған күнін, жұмсаған ақшасы мен сатып алу себебін тіркей бастағанда, бір клиенттің өзі туған күнге, 8 наурызға, жаңа жылға, корпоративке деп жылына бірнеше рет сыйлық алатынын байқады.
Дүкен клиенттерге мереке алдында хабарласып, бұрынғы бюджетіне сай дайын ұсыныстар жолдай бастады. Осылайша жарнаманы көбейтпей-ақ бұрынғы клиенттерге көңіл бөліп, сауда көлемін көбейтті.
Бастапқы жоспар
- Қарапайым кесте немесе CRM жүйесін жасақтаңыз.
- Клиент дерегін тек оның рұқсатымен алыңыз.
- Клиент хабарласқан арнаны да, қызыққан тауарды да бірден тіркеп отырыңыз.
- Базадағы клиенттерді кемінде төрт топқа жіктеңіз: жаңа, бұрын тапсырыс жасаған, тұрақты және көптен бері келмеген клиенттер.
- Әр кезеңге арналған хат үлгілерін әзірлеңіз: сәлемдесу, сатып алғаннан кейін алғыс білдіру, пікір сұрау, жаңа тапсырыс беруді еске салу, клиентті қайта тарту.
- Базаны айына бір рет реттеп, нәтиже беретін байланыс тәсілдерін анықтаңыз.
Базаның бас мақсаты — клиентке уақтылы ұсыныс жасау. Өніміңізге риза болған клиентке қайта хабарласқанның еш артығы жоқ, ал күн сайын мәнсіз науқан жасап, қамқорлық деп көрсеткен орынсыз. Клиент базасы болмаса, клиенттерді жаңадан тартуға мәжбүр боласыз.