Бизнесті тіркемес бұрын нені ескеру керек: чек-лист
Өз ісіңізді бастауға көмектесетін жеті қадам

Мақаланың мазмұны
ЖК немесе ЖШС тіркемес бұрын не сататыныңызды, өніміңіз кімге қажет екенін және бизнесті бастауға қанша ақша керегін анықтап алған жөн. Сонымен қатар бизнеске қолайлы ұйымдық-құқықтық нысанды таңдап, салық мәселелерін зерттеп, негізгі жұмыс үдерістерін ойластырып алған маңызды.
Қазақстанда бизнес ашуға дайындалып, артық шығынды алдын алуға көмектесетін чек-лист жасадық.
1. Бизнес идеяны тексеру
Ақша салмас бұрын, өніміңізге немесе қызметіңізге сұраныс бар екеніне көз жеткізіңіз. Мақсатты аудиторияңызды анықтап, бәсекелестерді зерттеңіз, бағаларды салыстырыңыз және ұсынысыңыздың басқалардан қандай айырмашылығы бар екенін анықтаңыз.
Әлеуетті клиенттермен сөйлесіп, шағын зерттеу жүргізіңіз немесе өніміңізді сатып көріңіз. Дүкен, кофехана немесе басқа да орын ашуды жоспарласаңыз, орналасқан жерін, ол жерге қанша адам келетінін және бәсекелестікті бағалаңыз.
2. Бюджетті есептеп, қаржыландыру жолдарын ойластыру
Алдын ала қаржылық жоспар жасаңыз. Жалға алу ақысын, жөндеу жұмыстарын, жабдықтарды, тауар сатып алуды, жалақыны, жарнаманы, банк қызметтерінің ақысын және басқа да шығынды ескеріңіз. Өнімнің немесе қызметтің өзіндік құнын, болжамды түсімді және шығынсыздық нүктесін есептеңіз. Шығынсыздың нүктесі дегеніміз түскен табыс шығынды толық жабатын сату көлемі.
Алғашқы айларда жұмыс істеуге қанша ақша қажет болатынын алдын ала есептеңіз. Өз ақшаңыз жете ме, ал сауда күткен деңгейден төмен болса, не істейтініңізді ойластырыңыз. Қажет болса, несие алу және мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін қарастырыңыз.
3. Кәсіпкерлік нысанын, қызмет түрін және салық режимін таңдау
Бизнесіңізге қайсысы қолайлы екенін шешіңіз: ЖК ме, әлде ЖШС ме. Таңдау кезінде меншік иелерінің санын, қызмет түрін, бизнесті дамыту жоспарын және жауапкершілік ерекшеліктерін ескеріңіз. Содан кейін негізгі қызмет түрін анықтап, оған сәйкес ЭҚЖЖ кодын таңдаңыз. Егер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істесеңіз, қосымша қызмет түрлерін көрсету қажет пе, соны тексеріңіз. Егер айналымыңыз аз болса және қызмет түріңіз осы тізімге кірсе, сізге өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим қолайлы.
Ең көп таралған нұсқа — оңайлатылған режимде жұмыс істейтін ЖК. 2026 жылдан бастап бұл режим негізінен жеке тұлғалармен жұмыс істеуге арналған. Жалпыға бірдей белгіленген салық режимін (ЖБР) қолданатын компаниялар оңайлатылған режимдегі ЖК-мен жасалған мәмілелер бойынша шығынды есепке ала алмайды. Егер басқа компаниялармен жұмыс істесеңіз, ЖБР бойынша жұмыс істейтін ЖК ашқан дұрыс.
4. Құжаттарды дайындап, міндетті талаптарды тексеру
Істі бастамас бұрын қызмет түріңізге лицензия, сертификат немесе арнайы рұқсат қажет пе, соны анықтаңыз. Нысанға, жабдықтарға және жұмыс барысын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды тексеріңіз. Әсіресе өндіріс, қоғамдық тамақтану, медициналық немесе білім беру қызметтерімен айналысатын болсаңыз, бұған назар аударыңыз.
Жұмыс істеу үшін қандай құжаттар қажет болатынын алдын ала анықтаңыз. Мысалы, жалға алу шарты, жеткізушілермен және мердігерлермен жасалатын келісімдер, тауарды сату және қайтару немесе қызмет көрсету шарттары. Егер бизнестің бірнеше иесі болса, олардың үлестерін, міндеттерін, табысты бөлу және серіктестің бизнестен шығу тәртібін алдын ала келісіп, жазбаша бекітіңіз.
5. Орналасатын жерді таңдап, жұмысты ұйымдастыру
Егер бизнеске нысан қажет болса, оның орналасқан жерін, жалға алу құнын, жөндеу мен жабдықтарға кететін шығынды алдын ала бағалаңыз. Шартқа қол қоймас бұрын нысанды таңдаған қызмет түріңізге пайдалануға рұқсат етілгенін, коммуналдық қызметтер ақысын кім төлейтінін және жалға алу шартын бұзу талаптарын тексеріңіз.
Сондай-ақ негізгі жұмыстарды кім атқаратынын шешіңіз: өзіңіз бе, штаттағы қызметкерлер ме, әлде мердігерлер ме. Жалақы мен міндетті төлемдерге кететін шығынды есептеп, қандай жұмыстарды аутсорсқа беруге болатынын анықтаңыз.
6.Төлем қабылдау мен есеп жүргізуді реттеу
Алғашқы сатып алуға дейін клиенттердің тауарлар мен қызметтер үшін қалай төлейтінін анықтап алыңыз. Есеп айырысу шотын ашу қажет пе, бақылау-кассалық машинаны қолдану және фискалдық чектер беру керек пе, сондай-ақ ақша қайтару қалай рәсімделетінін тексеріңіз. Кіріс пен шығыс есебін жүргізуді, есептілікті дайындауды және ақша қозғалысын бақылауды алдын ала ойластырыңыз. Бухгалтерлік есепке кім жауапты болатынын алдын ала анықтаңыз: өзіңіз бе, штаттағы маман ба, әлде басқа компания ма.
7. Жарнама және сауда жоспарын дайындау
Әлеуетті клиенттеріңіз бизнесіңіз туралы қайдан білетінін анықтаңыз. Өніміңізге қарай бұл әлеуметтік желілер, сайт, онлайн-карталар, жарнама немесе клиенттердің ұсыныстары болуы мүмкін. Бюджетіңізді ескере отырып, ілгерілету арналарын таңдаңыз. Сондай-ақ клиенттердің пікірлерін қалай жинайтыныңызды, кері байланысты қалай ескеретініңізді және клиенттердің қайта оралуына қалай ықпал ететініңізді ойластырыңыз. Барлық құралды бірден іске қосудың қажеті жоқ. Алдымен бизнесіңізге қолайлы құралдарды таңдап, олардың нәтижесін бағалаңыз. Алғашқы айларда қандай көрсеткіштерді бақылайтыныңызды да анықтап алыңыз. Мысалы, түсім, шығын, тапсырыс саны немесе қайта сатып алулар.
Бизнесті тіркемес бұрын тексеретін чек-лист
Құжаттарды тапсырар алдында мыналарды тексеріп алыңыз:
- Сұранысты тексеріп, бәсекелестерді зерттедіңіз.
- Бизнесті бастауға қажет бастапқы ақшаны және алғашқы айлардағы шығынды есептедіңіз.
- Кәсіпкерлік нысанын, қызмет түрін және ЭҚЖЖ кодын таңдадыңыз
- Салық режимдері мен оларға қойылатын шектеулерді зерттедіңіз
- Қажет болса, бизнеске арналған нысанды таптыңыз.
- Лицензияларға, рұқсаттарға және құжаттарға қойылатын талаптарды тексердіңіз.
- Серіктестеріңіз болса, олардың үлестері мен міндеттері туралы келісіп алдыңыз.
- Негізгі жұмысты кім атқаратынын және есеп жүргізуге кім жауапты болатынын анықтадыңыз.
- Төлем қабылдау тәсілдерін және алғашқы клиенттерді тарту жолдарын ойластырып алдыңыз.
Бизнесті ашпай тұрып, бәрін алдын ала жоспарлау мүмкін емес әрі міндетті де емес. Бірақ не сататыныңызды, оны кімге ұсынатыныңызды, бағасы қанша болатынын және бизнесіңіз қалай табыс табатынын түсіну маңызды. Басқа кәсіпкерлер де бастапқыда бәрі қалай өрбитінін білмеген. Тәуекел етіп көріңіз, ісіңіз оңынан болсын!